Қазығұрт ауданында аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округтерінің әкімдері, сондай-ақ дербес бөлімдер мен салаға жауапты мекеме басшылары қатысты.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті 6 (алты) мәселе қаралды.

Бюджет кірістерінің орындалуы және шығыстардың игерілуі туралы;

Аудан аумағындағы өндірістік парктің жол картасының орындалуы және ауданға инвестициялық жобалар тарту жұмыстарының барысы туралы;

2023 жылы қаржыландырылған ауыл округтерінің “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстары туралы;

Аудандағы қоғамдық саяси ахуал туралы;

СКУД жүйесінің “Е-қызмет” жүйесімен ықпалдастырылғаны бойынша қызметкерлердің жұмыс режимін сақтау туралы;

Аудан әкімінің хатталамалық тапсырмаларының орындалуы туралы.
Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасап, көрсеткіштерге талдау жүргізді. Әсіресе, бюджет кіріс бөлігін орындау, салық базасын кеңейту, шығыстарды тиімді әрі мақсатты игеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Инвестициялық жобалар мәселесінде өндірістік парктің әлеуетін толық пайдалану, жаңа жобаларды тарту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру бағытында нақты ұсыныстар берілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілген несиелердің мақсатты игерілуі, кәсіп ашқан тұрғындарға әдістемелік қолдау көрсету және тұрақты табыс көзін қалыптастыру маңызды екені айтылды.
Қоғамдық-саяси ахуалға қатысты тұрақтылықты сақтау, тұрғындармен кері байланысты күшейту, әлеуметтік желідегі ақпараттарға дер кезінде жауап беру қажеттігі тапсырылды. Сондай-ақ, ішкі еңбек тәртібін қатаң сақтау және цифрлық бақылау жүйелерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады.
Жиын қорытындысында аудан әкімі бөлім басшылары мен ауыл округтері әкімдеріне белгіленген басым бағыттар бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, индикаторлардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Атқарылған жұмыстардың нәтижелілігі тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.