Бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округтерінің әкімдері, сондай-ақ дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін 3 өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы, халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері, сондай-ақ аудан аумағындағы өндірістік парктің жол картасының орындалуы мен ауданға инвестициялық жобалар тарту жұмыстарының қазіргі жай-күйі талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жауапты сала басшылары көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі ұйымдасқан түрде өткізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың уақытылы әрі заң талаптарына сай жүргізілуінің маңыздылығын атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді.
Екінші мәселе аясында халықты тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Аудан басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың әлеуетін тиімді пайдаланып, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Үшінші мәселе бойынша аудан аумағында өндірістік паркті дамыту, жол картасында көзделген іс-шаралардың орындалу барысы және инвестициялық жобаларды тарту бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Бұл ретте аудан әкімі жауапты басшыларға инвесторлармен жұмысты жандандырып, аудан экономикасына серпін беретін жобаларды іске асыруды тапсырды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген барлық мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.