ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ
Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен келді. Салалық кездесуге Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Әзімханұлымен алдымен оқушылардың инновациялық жобалары мен авторлық идеялардың көрмесін аралады.
Сапар барысында ауданның білім беру саласы қызметкерлерімен кеңейтілген жиын өтті. Кездесуде 2025–2026 оқу жылының I және II тоқсандарында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, білім сапасын арттыру, сондай-ақ білім алушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жан-жақты қаралды.
Аудандағы мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында 83 балабақшаға Face-ID биометриялық қондырғылары орнатылғаны, ал орта білім беру ұйымдарында цифрлық қауіпсіздік пен бақылауды жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалып жатқаны атап өтілді.
Қазығұрт ауданында бүгінде 79 мектепте 31 911 оқушы білім алса, білім беру ұйымдарында 4 286 педагог еңбек етеді. Жиында білім сапасын арттыру мәселесінде педагогтердің кәсіби біліктілігі мен басқару жүйесінің тиімділігі шешуші рөл атқаратыны ерекше атап өтіліп, педагогтердің білімін бағалау, әдістемелік қолдау көрсету және жауапкершілікті күшейту қажеттігіне тоқталынды.
PISA және МОДО халықаралық зерттеулерінің қорытындылары бойынша төмен нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын соңында білім саласы қызметкерлері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілді. Түркістан облысы Білім басқармасы алдағы уақытта да білім беру сапасын арттыруды басты басымдық ретінде айқындап, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға және білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.