Қазығұрт ауданында 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне арналған “Қарттарын қадірлеген ел ардақты” атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып аудан ақсақалдары мен ардақты әжелерін құттықтап, құрмет көрсетті.
- Баршаңызды, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызда «Төріңнен қартың кетпесін» деген қанатты сөз бар. Біз – қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі. Бүгін біз қарттарымызды құттықтап, құрмет көрсетумен бірге, ардагерлерімізге де жан-жақты қолдау мен ыстық ықыласқа толы алғыс сезімін білдіреміз, яғни олар өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезінуі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы қарияларымыз ұлт ретінде сақталуымыз үшін барын салған» деп қазыналы қарттарымыздың қоғамдағы рөлін айқындап берді. Сондықтан да елімізде қарияларды қолдау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналған. Мереке қарсаңында сіздердің ерен еңбектеріңізге, бай тәжірибелеріңізге, дарқан даналықтарыңызға алғыс білдіремін - деді Азизхан Исмаилов.
Мерекелік шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, қазіргі таңда өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие жолында талмай еңбек етіп жүрген бірқатар қазыналы қариялар алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әсем әуендерімен кештің шырайын кіргізсе, “Балауса” халықтық би-ансамблі тамаша билерімен тәнті етті. Қазыналы қариялар қауымы арнайы жайылған дастарханда қонақ болып, көтеріңкі көңіл-күймен құрметке бөленді.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде 12 255 ардагер бар. Оның ішінде ҰОС ардагері-1, тыл ардагерлері 151. Қазіргі таңда 471 ардагер «Ардагер», «Мейір», «Кәусар бұлақ», шипажайларында демалуда. Былтырғы жылы, қарттар күні қарсаңында ауданымызда ардагерлер мен зейнеткерлерге қолдау көрсетуді мақсат еткен «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» орталығы ашылды. Қысқа уақыт ішінде орталық ардагерлердің сүйікті орнына айналып, көптеген игі істердің ұйытқысы болып отыр. Орталықта күн сайын 60-70 – ке жуық ардагерге қызмет көрсетіледі. Мұнда қариялар салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алады. Әр түрлі мәдени, спорттық шаралар, танымдық кездесулер, дәрігерлердің кеңестері мен психологиялық қолдау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуда.