ҚАЗЫҒҰРТТА ЗАМАНАУИ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

ҚАЗЫҒҰРТТА ЗАМАНАУИ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қақпақ ауылдық округінде орналасқан «Қарқын-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аталған серіктестік ауыл шаруашылығы саласында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда заманауи талаптарға сай мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Бұл жоба іске қосылғанда аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы өндіріс орнын аралау барысында кәсіпорын басшыларымен пікірлесіп, өнім көлемін арттыру мен жаңа технологияларды енгізудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы аяқталуын қадағалау қажеттігін атап өтті.
Азизхан Әзімханұлы ауыл шаруашылығы саласын дамыту – аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Айта кетейік, «Қарқын-2030» ЖШС-нің жаңа жобасы жүзеге асқанда аудан тұрғындарына сапалы өнім қолжетімді болып, жергілікті нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі арта түспек.