Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қызылқия ауылдық округінде орналасқан «Қанатбек» шаруа қожалығының мал шаруашылығы кешеніне барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Аталған қожалық аудан экономикасының дамуына үлес қосатын ірі ауыл шаруашылығы нысандарының бірі болмақ. Мұнда ірі қара мал басы көбейтіліп, заманауи тәсілдер арқылы асыл тұқымды мал өсіруді жоспарлауда . Сондай-ақ кешенде мал азығын дайындау, қора-жайларды күтіп-ұстау және өнімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аудан басшысы кешенді аралау барысында қожалық иесімен және мамандарымен пікірлесіп, мал шаруашылығын дамытуға қатысты ой бөлісті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыты екенін атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
Сонымен қатар қожалық басшылығына өнім көлемін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.