Бүгін Қазығұрт ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында дәстүрлі аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Маңызды жиынға келген аудан әкімі Азизхан Исмаилов алдымен инновациялық жобалардың көрмесін аралады. Көрмеде кәсіби бағдар беру және жұмысшы мамандарды даярлайтын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары мен білім беру ұйымдарының жобалары ұсынылды.
Тамыз кеңесіне аудан әкімі Азизхан Исмаилов, Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасова, Қазығұрт ауданы сотының төрағасы Даулетияр Машрапов, аудан прокуроры Руслан Абдраимов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Серікбаев ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров және ОАОО оқытушылары, ардагер ұстаздар мен білім саласының қызметкердері қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев жүргізіп отырды.
Жиында сөз алған аудан әкімі педагогтерді жаңа 2025-2026 оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар педагогтерді алғыс хаттармен марапаттады.
- “Бүгінгі тамыз кеңесінің тақырыбы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» деп бекер таңдалмаған. Бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Бізге ең әуелі адал, еңбекқор, елін сүйетін жас ұрпақ керек. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге тікелей байланысты. Ауданымызда соңғы жылдары білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Соңғы үш жылдың өзінде 300 орындық үш жаңа мектеп пен 200 орындық бес типтік мектеп, сондай-ақ Атажұрт елді мекенінде 100 орындық жаңа мектеп және «Амангелді» мектебіне 150 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Алдағы жылы Төменгі Шарбұлақта 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталмақ. Бұл – балаларымыздың қолайлы жағдайда білім алуына жасалып отырған нақты қамқорлық. Мемлекетіміз мектепке дейінгі тәрбиеден бастап кәсіптік білімге дейінгі жүйеге үлкен мән беріп отыр. Мысалы, ауданымызда енгізілген ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы мектепке дейінгі тәрбие сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ауданымызда қамтылу көрсеткіші 99,6%-ға жетіп отыр. Сонымен бірге, жастарды кәсіби мамандықтарға баулу ісінде №11 колледждің еңбегі ерекше. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының мәртебесін арттыру – біздің ортақ міндетіміз. Себебі, білікті маман – ел экономикасының іргетасы” -деді аудан әкімі.
Кеңес барысында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлнұр Абилхасова 2024–2025 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктерге тоқталып, биылғы оқу жылындағы міндеттер мен жоспарлар туралы баяндама жасады.
Тамыз кеңесі - жыл сайын өтетін, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа бағыттарды талқылайтын маңызды диалог алаңы.