«Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервисі ашылды

«Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервисі ашылды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бизнес субъектілері үшін «бір терезе» қағидаты бойынша барлық мемлекеттік қолдау шараларын және мемлекеттік қызмет түрлерін орталықтандырылған түрде көрсету мақсатында 25 тамызда Түркістан облысында «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылды.

Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, Түркістан облысы Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов, кәсіпкерлікке қолдау көрсететін мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар басшылары, қала кәсіпкерлері, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.

«Бизнеске арналған үкіметті» құрудың мақсаты – қаржы институттарының, кәсіпкерлікті дамыту ұйымдарының қызметтерін орталықтандыру арқылы мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру, сондай-ақ кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға жан-жақты қолдау көрсету процесін жетілдіру.

«Бизнеске арналған үкімет» сервисінің ғимаратында «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ, «TURKISTAN INVEST» ЖШС орталық кеңселері, «Атамекен» ӨКП, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ,  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ өкілдері орналасқан. Алдағы уақытта сервиске жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік органдар, табиғи монополиялар өкілдерін қосу жоспарлануда. «Бизнеске арналған үкімет» құрудың соңғы нәтижесі кәсіпкер немесе кәсіпкерлік бастамасы бар тұлға сервиске жүгіне отырып, өзіне қажетті барлық қызметтерді бір жерден алуы болмақ.