Бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласындағы «Қаракөз» зиратында Кеңес Одағы Батырлары мен соғыс ардагерлерінің зираттарын тазарту іс-шарасы өтті. Игі бастама ел рухын көтеріп, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен тағзым мәдениетін дәріптеуге бағытталған.
Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалынан жолға шыққан зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы экспедиция Түркістан қаласына келіп, «Қаракөз» зиратында жерленген Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов пен Ауған соғысының жауынгері Абдулхаким Ергешовтің рухына құран бағыштап, зират маңына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шара батыр бабалардың ерлігін еске алып, олардың рухына құрмет көрсетуді мақсат тұтады. Зиялы қауым өкілдерінің сапары мұнымен шектелмей, Отырар және Ордабасы аудандарында жалғасады деп жоспарлануда.
Экспедиция мүшелері жалпыұлттық деңгейде қолға алынған бұл бастама аясында барша азаматтарды ата-баба рухына тағзым етіп, туған жердің тазалығына үлес қосуға шақырады.