
Арал теңізі экологиялық дағдарысқа ұшырап, өзінің бұрынғы ауқымының көп бөлігін жоғалтты. 1960-жылдардан бастап суармалы егіншілік үшін Амудария мен Сырдария өзендеріне судың көп бөлігі алынғандықтан, Арал теңізінің деңгейі күрт төмендеді, экожүйе бұзылып, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлады. Бұл экологиялық апаттың салдары ретінде көптеген балық түрлері жойылып, құмды дауылдар мен тұзды ағындар жергілікті тұрғындардың денсаулығына да әсер етті.
Қалпына келтіру шаралары
Арал теңізін қалпына келтіру үшін түрлі шаралар қабылданды. Біріншіден, су ресурстарын үнемді пайдалану, суаруды тиімді ұйымдастыру мақсатында жобалар іске асырылуда. 1993 жылы құрылған Аралды құтқару халықаралық қоры аймақта экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған көптеген жобаларды қаржыландырды. Солардың бірі — Солтүстік Арал теңізінің деңгейін көтеру үшін «Солтүстік Аралды құтқару» жобасы, ол 2005 жылы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобаның нәтижесінде Арал теңізінің деңгейі көтеріліп, кейбір аймақтарда балық шаруашылығы қайта жанданды.
Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалту мақсатында көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылды.
2021-2024 жылдар аралығында 475 мың гектар жерге тұқым мен көшет отырғызылды. Биыл 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуі тиіс.
Екіншіден, экологиялық апаттың салдарынан құрғаған теңіз түбінде сексеуіл ағаштары мен басқа да өсімдіктер отырғызылып, құмды дауылдардың алдын алу мақсатында көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Арал маңындағы ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін ауылшаруашылық жерлерінде жаңа технологиялар енгізіліп, тиімді суару жүйелері құрылды.
Болашаққа көзқарас
Арал теңізін толық қалпына келтіру қиын болғанымен, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін әлі де көптеген жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық арқасында, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар жалғасуда, және Арал маңындағы тұрғындар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашылуда.
Арал теңізінің тартылған аумағын көгалдандыру топырақ эрозиясының алдын алады және құмды, тұзды дауылдармен күресуге көмектеседі.Бұл аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, жергілікті тұрғындардың денсаулығын қорғайды.