"БАЛА - КӨРГЕНІН БОЙЫНА ЖИЫП, ҚҰП КӨРГЕН АҚЫЛЫН САНАСЫНА ТҮЙІП ӨСЕДІ"

"БАЛА - КӨРГЕНІН БОЙЫНА ЖИЫП, ҚҰП КӨРГЕН АҚЫЛЫН САНАСЫНА ТҮЙІП ӨСЕДІ"
«Демек, жасөспірімдердің қатысуымен қандай да бір келеңсіздік орын алса, кінәліні іздеумен емес, өзімізді түзеумен айналысуымыз керек». Бүгін мектеп директорларымен, тәрбие ісіне жауапты мамандарымен, ата-аналар комитеті өкілдерінің қатысуымен «Өнегелі ұрпақ тәрбиесі – ортақ міндет» тақырыбында өткен алқалы кеңесте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков осылай деді.
Қаңтар айында өткен алғашқы кеңесте келісілген мәселелер бойынша қалалық Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев баяндап өтті. Құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында рейдтік шаралар күшейтіліп, нәтижесінде жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде 19 бала, көпшілік орындарда қайыршылық дерегімен мектеп жасындағы 12 бала анықталған, тексеру барысында 4 оқушының Шымкент қаласынан келгені нақтыланды. Түнгі мезгілде ата-анасыз жүрген 343 жасөспірімнің ата-аналарына ескерту берілген. Сонымен қатар, ата-ана міндетін орындамағаны үшін 36 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев 17-18 жастағы жүктілікпен 12 жағдай тіркелгенін, оның 8-і колледж студенттері, 4-і үй шаруасындағы жасөспірім екенін жеткізді.
Мемлекеттік және жекеменшік мектептердің жетістіктері мен тазалық жұмыстарының барысы жөнінде қалалық Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова есеп берді. 2023-2024 оқу жылында облыстық олимпиадаға 117 оқушы қатысып, 85-і үздіктер қатарынан табылған. Республикалық олимпиадаға жолдама алған 10 баланың 7-уі жүлдемен оралған.
Білім саласының ардагері Гүлбарам Малбаева мектеп бағдарламасы мен ұстаздардың жұмыс тәсіліне қатысты пікірін білдірді. Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов өз кезегінде бала тәрбиесіне қатысты тәжірбиесімен бөлісіп, орта және жоғарғы сынып оқушыларын еңбекке баулу бойынша ұсыныстарын айтты.
Қала прокуроры Каукен Нәрікбаев азаматтық жауапкершілік, заңдылық пен құқықтық сауаттылыққа кеңінен тоқталды. Жасөспірімдер көбіне құқықбұзушылықтан келетін зардаптан бейхабар болатынын, алайда заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын атап өтті. Сонымен қатар, алаяқтық сипаттарының түрленгеніне тоқталып, мәжіліске қатысушыларды күмәнді хабарламаларға бой алдырмай, сақтануға шақырды.
Жиналысты қортындылай келе Нұрбол Әбдісаттарұлы ұрпақ тәрбиесінде немқұрайлық таныту – баланың ғана емес, елдің де келешегіне балта шабумен тең екенін баса айтты:
- Бүгінгі мәжіліс есепті тыңдаумен шектелмей, ой салуы керек. Мен өздеріңізден тың ұсыныстар күткен едім. Оқу-тәрбие ісінде бастамашы болуымызға не кедергі? Жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттауды, олардың қызығушылықтарын ескере отырып, жаңа әдістемелер енгізуді осында отырған Сіздерден - күнделікті оқушылармен жұмыс істейтін ұстаздардан артық ешкім атқара алмаса керек. Әрине, ата-аналар да бұл үдерістен шет қалмайды деп білемін. Келесі кеңеске міндетті түрде ұтымды жобалармен келесіздер деп сенемін, - деп, мектептерде құқық қорғау саласы мамандарының, прокуратура және сот өкілдерінің қатысуымен жоғарғы сыныптарда құқықтық сауаттылық сабақтарын ұйымдастыруды, еңбек ардагерлерімен кездесулерді тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды.
Қолайсыз отбасылармен, құқықбұзушылыққа бейім деп танылған жасөспірімдермен жүргізілетін жұмысты жетілдіру Полиция басқармасымен келісілді.