ЕР БЕКЗАТТЫҢ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ БИЫЛ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

ЕР БЕКЗАТТЫҢ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ БИЫЛ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ
Бүгін 2000 жылы өткен Сидней олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері жерлесіміз Бекзат Саттархановтың туған күні. Қысқа ғұмырында ел спортында ойып алар орнын қалдырған боксшы тірі болғанда бүгін 44 жасқа толар еді.
Бекзат жүлдеге ие болған жаһанды жарыстар өте көп. Ол жасөспірімдер арасында өткен халықаралық жарыста да топ жарып, бапкерлердің көзіне түсті. Бекзат бокспен ғана шұғылданған жоқ. Сондай-ақ, заңгер мамандығы бойынша білім алған. Ұлт мақтанышы бокста 80 жылы Мәскеу Олимпиадасының финалында жұдырықтасқан Серік Қонақбаеты үлгі тұтты.
Бекзат Саттархановттың спорттық мансабы жылдам дамыды. 15 жасында ол бокс қолғабын киіп, үш жылдан кейін халықаралық Олимпадағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Сол күні Бекзат үйіне жастар арасындағы әлем чемпионатының «күміс» медалімен оралды. Болашағы зор спортшыны Қазақстан бокс құрамасының бас жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бірден байқайды.
Бекзат 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті, ал осы санат бойынша командада үлкен бәсекелестік болатын. Бірақ, жаттықтырушы Азия чемпионатына барып, олимпиадаға жолдама алу үшін күресуге Саттархановты жіберуді шешеді. Және ол қателеспеді. 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиадада ол ең жоғары тұғырға көтерілді.
Шаршы алаңда шаршауды білмейтін Бекзат Саттарханов шымшықтың тұмсығындай қысқа ғұмырында барлығы 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жетті. Ол тарихта
«Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.
Бүгінде даңқты спортшының құрметіне туған жерінде халықаралық, елішілік түрлі байрақты бәсекелер ұйымдастырылып тұрады. Одан бөлек, спортшының атында арнайы көше, даңғыл, спорттық нысандар да бар.
Соның бірі биыл қолданысқа берілетін - Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені.
Мердігер мекеме – «Стройсервис - 7» ЖШС. Ғимараттың жалпы ауданы – 7 248 м2, жалпы жер ауданы – 1,8 га. Нысан биыл тапсырылады. Республикалық, халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндігі бар кешенде бокс, күрес, таэквондо, ауыр атлетика спорты залдары мен арнайы жаттығу бөлмелері орналасқан.