ТҮРКІСТАНДА 13 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА 13 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Биыл Түркістан қаласы 13 балалар ойын алаңшасымен толығады. Бұл жайында бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жауапты мамандардан есеп алды. Қаланы абаттандыру бойынша 2024 жылға 49 нысанның құрылысы жоспарланған. Жоспарға сәйкес, ойын алаңшаларын салу, саябақ пен сквер құрылысын жүргізу және негізгі көшелердің көгалдандыру жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу көзделген. Биыл салынуы тиіс 17 ойын алаңының бүгінгі таңда 13-де құрылыс басталып үлгерген. Сондай-ақ, қалада 3 саябақ және 11 абаттандыру нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Қалалық Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ержан Исмайлов ойын алаңдарын күтіп-ұстау үшін арнайы мекемелердің (мектеп, балабақша) теңгеріміне өткізу барысын да баяндады. Қала әкімінің ақпанда халықпен кездесуінің нәтижесінде бөлімге берілген 59 тапсырманың 28-і орындалған, 31 тапсырма даму жоспарына сай жүзеге асатынын жеткізді.
Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесін баяндады. Жұмысшы топ талапқа сай келмейтін 130 жарнаманы анықтап, кәсіпкерлерге жарнама орнату заңдылығын түсіндірген. Қазіргі таңда хабарлама берілген 21 нысан заң талаптарына сәйкестендіріліп тіркеуге алынды.109 жарнама нысаны бөлшектеніп жойылған. Қала аумағында сәйкестендіріліп, тіркеуге алынған жалпы 319 жарнама нысаны бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бөлім тарапынан кәсіпкерлердің нысан қасбеттерін ретке келтіруі тұрақты бақылауға алынған.
Бөлім басшысы сондай-ақ, Әкімшілік-іскерлік орталығына орналасатын филармония ғимаратының жобасын, Н.Төреқұлов көшесі бойына және Бекзат мөлтек ауданына саябақ жобасын ұсынды.