Түркістанда бүгін 61 мектепте соңғы қоңырау соғылып, 2592 түлекті ұядан ұшырды.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков №28 мектеп оқушыларының соңғы қоңырау іс-шарасына қатысып, бітірушілерге сәттілік тіледі.
- Сөз басында баршаңызды бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! “Білім - инемен құдық қазғандай”. Түлектеріміз 11 жылда бойына сіңірген білім нәрін өмірлік азық етіп, ұстаздарының ақ батасын алып, үлкен жолға аяқ басқалы тұр.
Барша ұстаздарға болашақтың негізін қалаушы жастарымызды тәрбиелеп, аянбай еңбек еткені үшін алғысымды білдіремін.
Бала шақтан - болашаққа қадам басқан балаларға ақ жол тілеймін, - деді өз сөзінде шаһар басшысы.
Сонымен қатар, салтанатты жиында ардагер ұстаз, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов мерекелік құттықтауын арнап, аталы батасын берді.
Жиын барысында мектеп мақтаныштары, пәндік олимпиада жеңімпаздары марапатталды.
Жалпы, облыс орталығында қазіргі таңда 61 мектеп болса, оның 34-і мемлекеттік, 27- і жеке меншік. Сондай-ақ, 108 мектепке дейінгі мекеме, 6 мектептен тыс мекеме бар.
11 сыныпты бітірген - 2592 түлектің, 2180-і ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниетті.