ТҮРКІСТАН: АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ ӨСІРУГЕ ҚАРСЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

ТҮРКІСТАН: АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ ӨСІРУГЕ ҚАРСЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ
Елдегі төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр. 2022 жылғы 11 қаңтардағы жағдайы бойынша Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0,4% -ға төмендеді.
Жұмыртқа мен сәбіз бағасы арзандаған. Қалған 15 тауар (нан, қартоп, күріш, құнбағыс майы, қарақұмық, айран, сүзбе, қырыққабат, сиыр еті, тауық еті, құмшекер, тұз, сары май, пияз, макарон) бойынша жағдай тұрақты.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен облыс әкімдігі, Түркістан қаласының әкімдігі, облыстық статистика басқармасымен бірлесіп қабылдаған іс-шаралар арқасында жасанды азық-түлік тапшылығы байқалмайды, бағалар бақылауда. Түркістан облысының аудан, қала әкімдіктерінің қолдауымен мерекелік және демалыс күндері көшпелі сауда жүргізіліп, халыққа 26,5 млн. теңгеге 57 тонна тауар сатылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тапсырмасына сәйкес «Айналым схемасы» шеңберінде тауар өндірушілерге жалпы 640 млн. теңге берілді. Сонымен қоса тұрақтандыру қоры есебінде 255,7 млн. теңге орналастырылған. Нәтижесінде «Magnum Cash&Carry» ЖШС, «Али Сауда» ЖШС, «Ғажайып-П» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС-тері мен сауда орындары тауарларды нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатуда.
Бұдан басқа Түркістан қаласында филиалы бар «Magnum cash&Carry» сауда желісімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенс актісі қабылданды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу мақсатында ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен биылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша облыс көлемінде 1098 меморандум түзілген.
Аудан, қалалардағы мобильдік топтар әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша нақты жұмыстар жүргізуде. Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінен кемінде 1-1,5 айға жететін қор жасақталған. Басқа қала, аудандарда да осы көлемде қор бар. Егер сіз Түркістан облысы бойынша азық-түлік тауарларының бағасы негізсіз өскенін байқасаңыз 8(725 33) 5-97-78 және 8702-465-20-11 телефон нөмірлеріне хабарласа аласыз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі