ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БЕКІТІЛГЕН БАС ЖОСПАРЫ БОЙЫНША ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БЕКІТІЛГЕН БАС ЖОСПАРЫ БОЙЫНША ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Рашид Абатұлының төрағалығымен Түркістан қаласының бекітілген Бас жоспарында туындаған өзекті мәселелерді талқылау өтті. Жиын Түркістан қаласы әкімдігінің Instagram және Facebook парақшаларынан тікелей эфир арқылы көрсетілді. Түркістан қалалық мәслихаты, Түркістан қалалық соты, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы өкілдері, орта және шағын бизнес кәсіпкерлері қатысқан жиында жер мәселесі мен оны заңдастырудағы ауқымды салалар ортаға салынды.
Түркістан қаласының Бас жоспары Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2020 жылғы 25 қарашадағы №793 қаулысымен бекітілген болатын. Аталған күннен бастап жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жаңадан бекітілген бас жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бас жоспардың аумағы 22 370 гектарды құрайды. Бас жоспарда Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығы және Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығы ретінде дамытудың негізгі бағыттары айқындалған.
Дегенмен, Түркістан қаласы әкімдігі "Жер қатынастары бөлімінің" басшысы Нариман Қасымбеков пен "Сәулет және қала құрылысы бөлімінің" басшысы Айдос Кентугаевтың сөзінше, тұрғындар тарапынан қарама-қайшылықтар орын алып, мәселелер туындаған. Атап айтқанда, көптеген тұрғын үйлер қызыл сызық пен жасыл аймаққа түскен. Жасыл аймақ - саябақтар болса, қызыл сызық - кеңейтілетін жолдар болып саналады. Айдос Кентугаев Түркістан қаласындағы тұрғын үйлердің басым бөлігінде құжаттары рәсімделмегенін айтады. Мәселен, биыл тұрғын үйлер газға өту кезінде де біршама қолайсыздық туындаған. Себебі, көгілдір отын кезінде техникалық құжат (техпаспорт) сұрағанда үйінің заңдастырылғандығы назарға алынады. Ал, бөлім Бас жоспарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Одан өзге, мемлекет мұқтаждығына алу кезеңінде де заңдастырылған үйлердің бағасында айырмашылық болады. Сол себепті жыл басынан бері үй салар алдын Түркістан қаласы әкімдігінің "Сәулет және қала құрылысы бөліміне архитектуралық сәулет жоспарының тапсырмасын алу қағидаты жүргізіліп келеді. Эскиздік жобасын келіскен соң ғана құрылыс жұмыстары басталады.
Рашид Абатұлы осы мәселелердің кеңінен халық арасында таралып, тұрғындар жан-жақты хабардар болуы үшін үгіт-насихат жұмысын жандандыруға тапсырма берді.
************
Түркістан қаласының Бас жоспары үш кезеңмен жүргізіледі. 2025 жылға дейін, 2035 жылға дейін және 2050 жылға дейін. Осы орайда қаладағы жаңа жобалар Бас жоспарға сәйкес жүзеге асуы қажет.
Бүгінгі жиналыс барысында екі жеке тұрғын үй арасында 6 метр арақашықтықтың сақталуы, коммерциялық нысандарға шұғыл жағдайдағы көліктердің кіруіне мүмкіндік болу жайты қаралды. Сол себепті, тұрғындар үй салар алдын міндетті түрде жауапты бөліммен хабар алысып, жобасын нақтылауы қажет.
Кәсіпкерлер тарапынан тұрғындар пандемия кезінде уақытты тиімді пайдалану үшін ғаламтор арқылы ақпарат алу мүмкіндігін сұрады. Ол бойынша кадастр нөмірін теру арқылы геопорталдан ақпарат алуға болатынын қала әкімінің орынбасары Жандос Тасов мәлім етті. Яғни, тұрғын үйлердің функционалдық аймағын анықтау үшін кадастр нөмірін теру арқылы map.iturkistan.kz геопорталынан ақпарат білуге болады. Ондағы Ж-1 - тұрғын үй, Ж-2-Ж-6 көппәтерлі үй, К1 - коммерциялық нысан, С-1-С-2 қоғамдық нысандар және Р-1 саябақ алаңдары болып саналады.
Сонымен қатар, қашан нысаналы мақсатын өзгертуге болатындығы сұралды. Аталған сауал бойынша Айдос Кентугаев арнайы регламент белгіленгеннен кейін жүзеге асатынын айтты. Регламент алдағы уақытта мәслихат сессиясында қаралатын болады. Егер, тұрғын үй (Ж-1) болса оның нысаналы мақсатын кітапхана, дәріхана, балабақша, шаштараз тб, ал Ж-3, яғни көпқабатты үй болса, бастауыш және орта мектеп, блокты тұрғын үйлер, 16 орынды қоғамдық тамақтану орындары т.б салуға болады.