"ЕКІ АПТАДА НҮКТЕСІН ҚОЙЫП, НӘТИЖЕ ШЫҒАРАЙЫҚ"

"ЕКІ АПТАДА НҮКТЕСІН ҚОЙЫП, НӘТИЖЕ ШЫҒАРАЙЫҚ"
Бұл тапсырманы бүгін апталық мәжілісте төрағалық еткен қала әкімі "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" басшысына айтып, қатаң ескертті.
"Халықты жұмыспен қамту орталығына" әлі де жиі келіп жатқан сын-шағымдардың көптігіне байланысты бөлім басшысына аталған мәселені қолға алуды тапсырды. Қызметкерлердің жұмысқа нұқсан келтірмей, заң шеңберінде жұмыс істеуі үшін екі апта ішінде нәтиже болмаған жағдайда ортақ шешім қабылдайтынын айтып өтті. Сонымен қатар, халықпен жұмыс істеудің оңай еместігін де назарға алып, психологтармен етене байланыс жасау қажеттігін айтты. Бұл бойынша қала әкімі жыл басында қалалық Жастар ресурстық орталығының Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторын бөлімге ауыстыру бойынша тапсырма берген болатын.
Ақпан айынан бастап аталған сектор "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ғимаратында жұмысын жалғастырып келеді. Олар 4 бағыт бойынша: құқықтық, теологиялық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыда қызмет көрсетеді. Соңғы 3 жыл көлемінде 265 азаматқа көмек көрсетсе, бөлімге барған тұстан 21 адам қызметіне жүгінген. Жалпы, Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторы арқылы Қазақстан азаматтығын алу, үйдегі зорлық-зомбылық, наркологиялық емдеу орталығына бару, кәсіпкерлер немесе еріктілер тарапынан демеушілік болған жағдайда аса қажетті адамдарға қаржылай немесе заттай көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізеді.
Қала әкімі Рашид Аюпов, одан өзге тұрғын үй, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инклюзивті орта құру, бағаны тұрақтандыру мәселелерін көтеріп, жұмысты ширатуды тапсырды.