ТҮРКІСТАН ОРТАЛЫҒЫНДА САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАН ОРТАЛЫҒЫНДА САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектебінің жаңа жобасы мақұлданды. Түркістан қаласының орталығындағы Саттарханов даңғылының бойынан бой көтеретін ғимарат заман талабына сай, әрі шаһардың жаңарған келбетіне сәйкес болады. 320 орындық спорт кешенінде үлкен зал мен бірнеше жаттығу бөлмелері орналасады. Нысан құрылысы жақын уақытта басталып, келер жылы пайдалануға берілмек. «Желілік саябақ» бойында, бұрынғы орнынан қайта бой көтеретін зәулім кешеннің айналасы толық абаттандырылып, көгалдандырылады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа спорт кешенінің жобасымен танысып, мақұлдады.
Аймақ басшысы Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап, құрылысшылармен кездесті. Құрылыс басында сақтық пен карантин шарттарын күшейте отырып, керек болған жағдайда тәулік бойғы жұмыс кестесіне көшуді тапсырды. Түркістанда сәулеті ерекше мешіт салынуда. Қалаға кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіттің құрылысын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қолдаған. Шығыстық нақышта жасалған Ислам орталығының 20 мың шаршы метр аумаққа жайғасқан. Жаңа ғибрат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Діни ғимарат Ұлы Жібек жолы бойымен көне шаһарға келетін туристердің қызығушылығын арттыратын тағы бір нысан болмақ. Ақ Мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 400 орындық медресе, кітапхана, асхана салынады.
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 38 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеті ашық түсті травертин мен ақшыл мәрмәр таспен қапталуда. Саттарханов даңғылының бойындағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртқы көрінісі бірыңғай стильде жаңартылуда. Бұл жұмыстарға аудандар мен қала басшылары тікелей жауапты. Облыс әкімі «Желілік саябақтың» үшінші кезеңінің жұмысын бақылады. 15 гектар аумақта 200-ге жуық жұмысшы мен 80 техника жұмылдырылған.

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметі