Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Аралау барысында жаңа заманауи жекеменшік емхананың, Рәміздер алаңының, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің және «Қаратау» тұрғын үй кешенінің құрылысы қаралды.
Алдымен «Қаратау» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысы пысықталды. 8,4 гектар аумақта орналасқан кешен 5 қабатты 22 тұрғын үйден тұрады. Мұнда жалпы 880 пәтер қарастырылған. Оның ішінде 220-сы – бір бөлмелі, 440-ы – екі бөлмелі, 220-сы – үш бөлмелі пәтер. Жақын уақыттарда 53 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 97 пайызға жетті. Нысанда қасбет, шатыр жабу және инженерлік желілер бойынша жұмыстар толық аяқталған. Ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары 95 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарын «Алтын Construction» ЖШС жүргізуде.
Сонымен қатар қала әкімі «Астана» саябағын абаттандыру жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан Рәміздер алаңының құрылысымен танысты.
Жалпы аумағы 20,2 гектарды құрайтын саябақта 4 гектар жерге Рәміздер алаңын, 8,9 гектар аумаққа саябақ және 7,3 гектарға аллея орналастыру жоспарланған. Жоба қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылыс барысы қаралды. Қазіргі таңда нысандардың дайындық деңгейі 80 пайызды құрайды. Келісімшарт талаптарына сәйкес құрылыс жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мұнда Республика күніне орай 194 пәтер Отбасы банк арқылы пайдалануға беріледі.
Қала әкімі сондай-ақ жаңа заманауи жекеменшік емхананың құрылыс барысын көріп, нысанның қала тұрғындарына қолайлылығын қарап, жұмыс барысымен танысты.