IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКСОЙ СТУДЕНТТІК ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ТҮРКІСТАНДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКСОЙ СТУДЕНТТІК ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ТҮРКІСТАНДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Түркістан қаласында өткен IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалі қорытындыланды. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен жабылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы және түркі елдерінің мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысты.
5–8 қазан аралығында ұйымдастырылған халықаралық өнер додасына Қазақстанның үш жоғары оқу орнымен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркиядан студенттер мен профессор-оқытушылар қатысты.
Жас өнерпаздар фестиваль барысында кәсіби шеберлігі мен сахна мәдениетін жоғары деңгейде көрсетіп, түркі елдерінің студенттік театр ұжымдарымен шығармашылық тәжірибе алмасты.
Жеңімпаздарға фестивальдің ең жоғары марапаты – Бас жүлдені Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы табыстады.
Қала әкімі өз сөзінде Түркістанның IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестиваліне шаңырақ иесі болуы қала тұрғындары үшін айрықша мәртебе екенін атап өтті.
«Бұл фестиваль – жас өнер иелерінің шығармашылығын шыңдаумен қатар, түркі жұртының рухани-мәдени және шығармашылық байланысын нығайтады. Өнер бәсекесі театр саласындағы кәсіби тәжірибе алмасуға тұғыр болатыны сөзсіз», – деді қала әкімі.
Қорытынды салтанат барысында фестивальдің жеңімпаздары марапатталып, үздік өнер көрсеткен жас театр мамандарына арнайы жүлделер табысталды.