«VOICE OF TURAN – 2026»: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖЕРЕБЕ ТАРТУ РӘСІМІ ӨТТІ

«VOICE OF TURAN – 2026»: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖЕРЕБЕ ТАРТУ РӘСІМІ ӨТТІ
Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалінің жеребе тастау рәсімі өтті. Әншілер кезекпен өз нөмірін таңдап алды. Салтанатты рәсімге Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, аталмыш жоба продюссері Мейіржан Алиакбаров арнайы қатысып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған ән додасына 20 елден үміткер бақ сынауға келді. Олар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қаланың көрікті орындарын аралады. Содан соң қазақтың ұлттық аспаптарымен таныстыру мақсатында «Алқоңыр» ансамблінің арнайы таныстырылымы ұйымдастырылды. Ансамбль мүшелері ұлттық аспаптардың ерекшеліктері мен тарихына тоқталып, олардың әрқайсысын қатысушыларға таныстырды. Қатысушылар өзара танысып, бір-бірлеріне сәттілік тілеп, «Алқоңыр» ансамблінің сүйемелдеуімен композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірге шырқады.
25 қыркүйек күні әлемнің әр елінен келген танымал өнерпаздардың қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» атты ауқымды гала-концерт өтеді. Кеште ұлттық музыка мен заманауи орындаушылық өнер тоғысады. Гала-концертке Қырғызстаннан Jax және Дастан Кенчинбаев, Әзербайжаннан Нармин, Башқұртстаннан Зайнетдин, Тывадан Сайзана Сюрюн, Қарақалпақстаннан Алишер Байниязов, Өзбекстаннан Ozoda Nursaidova, сондай-ақ Қазақстанның танымал өнерпаздары Дастан Оразбеков, Әділет Жауғашар, Дос, Бауыржан Макаев, «Turan boys» тобы және басқа да өнер иелері өнер көрсетеді.
26 қыркүйек күні фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі және «Жұлдызды жұп» кезеңі өтеді. Бұл кезеңде шетелдік қатысушылар Қазақстанның танымал өнер шеберлерімен бірге қазақтың танымал әндерін және заманауи музыкалық шығармаларды орындайды.
27 қыркүйек күні фестивальдің негізгі байқау кезеңі – «Қазақ әні» өтеді. Қатысушылар халық әндерін және қазақ композиторларының шығармаларын кәсіби қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынады.
Фестивальдің басты мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару, қазақ музыкасының халықаралық беделін арттыру және Түркістанды түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығы ретінде кеңінен таныту. Фестиваль аясында қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Түркі әлемінің туристік астанасына айналған киелі өңірдің рухани-туристік әлеуетін одан әрі танытатын байқау қыркүйек айының 25-27 күндері аралығында сағат 18:00-де «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан аясында өтеді.