Бүгін Түркістан қалалық мәслихатының кезекті қырық сегізінші сессиясы өтті.
Жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қала әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол, қала әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібеков, мәслихат депутаттары және дербес бөлім басшылары қатысты.
Сессия барысында қала әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралды. Қала әкімі осы жылдың алғашқы алты айындағы негізгі нәтижелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті.
Сонымен қатар ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларындағы жұмыстардың қорытындысы қаралды. Қалалық білім бөлімінің 2025–2026 оқу жылының қорытындысы және 2026–2027 оқу жылына дайындық барысы бойынша ақпарат тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді. Талқылау барысында қала тұрғындарының өтініштері мен өзекті мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстар айтылды.
Сессия барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальді қалалық мәслихат төрағасы Сәрсенбаев Ғаппар Амантаұлына табыстады.
Сондай-ақ Түркістан қаласында биыл өткен халықаралық деңгейдегі саммиттер мен ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының Алғыс хаттары Тәңірберген Дәурен Рахымұлы мен Мүсабек Құлбатыр Базарбайұлына табысталды.
Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы кезеңде белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындау қажеттігі атап өтілді.