ТҮРКІСТАН–ХУБЭЙ: ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАЛАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЖАҢА СЕРПІН АЛАДЫ

ТҮРКІСТАН–ХУБЭЙ: ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАЛАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЖАҢА СЕРПІН АЛАДЫ
Түркістан мен Қытайдың Хубэй провинциясы арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қытайға жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Хубэй провинциясы мен Түркістан облысы арасындағы өзара іс-қимылға жауапты қауымдастық төрағасы Хуан Лисяомен кездесті. Ассоциация құрамына Қытай елінің 10 мыңнан астам өндіріс компаниялары кіреді.
Кездесуде өңірлер арасындағы қалыптасқан байланысты қалалар деңгейінде одан әрі дамыту, іскерлік және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
2025 жылғы маусымда «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында достық қатынастар орнату туралы келісімге қол қойылған болатын. Биыл бұл байланыс Түркістан мен Ухань қалалары арасындағы бауырластық және достық қатынастар орнату туралы меморандуммен жалғасын тапты.
Түркістан делегациясының Уханьға сапары барысында бірқатар жетекші компаниялармен кездесулер өткізіліп, сауда және логистика, туризм, экология, қалдықтарды басқару, мәдени индустрия және спорт салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды.
Басты мақсат – қалыптасқан серіктестікті нақты жобалармен толықтыру. Бұл бағытта тәжірибе алмасу, инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және Түркістанның халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейтуге басымдық беріледі.