Биылғы жылдың алғашқы 8 айында Қазақстанда бала тууына байланысты 200 мыңнан астам біржолғы мемлекеттік жәрдемақы рәсімделді.
Жәрдемақыны рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың біріне SMS-хабарлама жіберіледі. Ата-ана жәрдемақы алуға келісімін растап, банк шотын көрсеткен жағдайда төлем проактивті түрде автоматты түрде тағайындалады.
Жәрдемақы алған отбасылар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде 28 мыңнан астам отбасы төлем алған. Одан кейін 19 мыңнан астам төлем рәсімделген Алматы қаласы және 17 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған Астана қаласы орналасқан.
2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері – 164 350 теңге. Төртінші және одан кейінгі бала туған жағдайда 272 475 теңге төленеді.
Жәрдемақыға бала туған күннен бастап 18 ай ішінде өтініш беру қажет. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін жәрдемақы алу құқығы жойылады.
Мемлекеттік жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 7 жұмыс күні ішінде, ал электрондық үкімет порталы және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы 4 жұмыс күні ішінде рәсімдеуге болады.