ТАЙҚАЗАН-ТӘБӘРІК БАЯНАУЫЛ БАЙТАҒЫНДА

ТАЙҚАЗАН-ТӘБӘРІК БАЯНАУЫЛ БАЙТАҒЫНДА
Қасиетті Түркістан қаласы мен киелі Баянауыл өңірі арасындағы тарихи тамырластық тереңдей түсті. Түркістан төрінен Баянауыл баурайына Тайқазан макеті тарту етілді.
Тұғырға қонған Тайқазан көшірмесінің ашылу салтанатына Түркістан қаласынан арнайы делегация қатысты. Түркістандық делегация құрамында зиялы қауым өкілдері, қалалық және облыстық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің жетекшілері, мәдениет майталмандары мен ғалымдар болды.
Салтанатты шарада Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мадияр Бақтыбайұлы сөз сөйлеп, жәдігер шаһар жұртының ыстық ықыласы мен сүбелі сәлемін жеткізді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл өңірге биік баға беріп, Баянауыл баурайын тектілер төріне теңеген. Делегация жетекшісі өз сөзінде мемлекет басшысының осынау құнды пікірін тілге тиек етті.
Мадияр Бақтыбайұлы қос өңір географиялық тұрғыда қашық болса да, тарихи-мәдени кеңістікте өте жақын екеніне тоқталды. Бүгінгі рухани сапар Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей қолдауымен жүзеге асқанын атап өтті. Қала басшысының арнайы сәлемін жеткізіп, Құттықтау хатын оқыды.
Әзімбек Пазылбекұлы арнайы жолдаған Құттықтау хатында:
«Түркістан қаласы мен Баянауыл ауданы арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, тарихи-рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында Сіздерге Түркістанның символы саналатын қасиетті Тайқазанның макетін сыйға тарту – біз үшін үлкен мәртебе.
Тайқазан – халқымыздың тарихы мен рухани мұрасын айшықтайтын және бірлік пен берекенің қасиетті нышанына айналған құнды жәдігер. Тарихи жәдігер макетінің Баянауыл төрінен орын алуы – қос өңірдің тарихи-мәдени сабақтастығы мен өзара құрметінің жарқын көрінісі», - деп, ыстық ықылас білдіреді.
Шаңырақ иелері – Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожин мен Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев құрметті қонақтарға ілтипат білдірді. Өңір басшылары Түркістан тартуы – Тайқазан көшірмесі Баянауылда берекеге баланғанын қуанышпен хабарлады.
Түркістан ақсақалдары атынан Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Қыдырәлі Рысбеков тілеуқорлық танытып, ақ батасымен келелі жиынға көрік берді.
Айтыс арыстаны атанған Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашып, әрбір шаңырақта қара қазан қайнай беруін тіледі.
Кие қонып, бақ дарыған Түркістанның жақұт жәдігері – Тайқазан макеті бауырлас Баянауыл төрінде қос өңір достығының жанды ескерткіші ретінде асқақтап тұратын болады.