Бүгін Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесіне арналған мәжіліс өтті.
Жиынға дербес бөлім басшылары, коммуналдық мемлекеттік мекеме, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын және жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары, сондай-ақ 6-сектор жетекшілері қатысты.
Мәжілісте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын сақтауы, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту мәселелері қаралып, 2026 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістерге назар аударылды.
Басшылардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы дербес жауапкершілігіне де ерекше мән берілді. Қарамағындағы қызметкерлер арасында заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеу, мүдделер қақтығысын болдырмау жөнінде шара қабылдамау және заңсыз жұмысқа қабылдау фактілері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жиында квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысы да талқыланды. Комплаенс-қызметтердің негізгі міндеттері – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бағалау, мүдделер қақтығысының алдын алу, заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу және қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру екені атап өтілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәселесіне тоқталды. Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметтің беделін қорғаудың және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алудың маңызды тетігі екені айтылды.
Мәжіліс қорытындысында бөлім басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу, қызметкерлер арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мүдделер қақтығысын дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау жөнінде міндеттер жүктелді.