Түркістан қаласындағы индустриялық аймақтың логистикалық мүмкіндігі кеңейіп, теміржол қатынасы қайта іске қосылып, локоматив жүргізілді.
Индустриялық аймаққа теміржол желісі 2015 жылы тартылғанымен, кейін ұзақ уақыт пайдаланылмаған. Кәсіпкерлердің ұсыныстарына сәйкес, 2025 жылдың аяғында облыс әкімінің тапсырмасымен теміржол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Бүгінде ұзындығы 4 417 метр теміржол тұйығы толық жаңғыртылып, техникалық талаптарға сәйкестендірілді. Бұл кәсіпорындарға жүктерді теміржол арқылы тасымалдап, логистикалық шығындарды оңтайландыруға және өнімдерін ішкі әрі сыртқы нарықтарға тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.
Алғашқы рейстің іске қосылуына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, индустриялық аймақтағы кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде өндірісті дамыту, жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру және кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері талқыланды.
Жоба аясында жүк айналымын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. 2026–2027 жылдары жылына 1 500–3 000 вагон, ал 2028–2029 жылдары 3 000–5 000 вагонға дейін жүк тасымалдау көзделуде.