ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АКЦИЯ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АКЦИЯ ӨТТІ
Бүгін «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында теміржол жолаушыларының қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «АДАЛ ЖОЛ. ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП. ҚАУІПСІЗ САПАР.» ақпараттық-профилактикалық акциясы өтті.
Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Департамент басшысы Сабырғали Балғалиев, қоғам белсенділері, Департамент қызметкерлері және Экономикалық тергеу қызметінің волонтерлері мен қала тұрғындары, жолаушылар қатысты.
Акция барысында жолаушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, күмәнді қоңыраулар мен сілтемелерге сенбеу, банк картасы мен шот деректемелерін бөгде адамдарға бермеу, жеке мәліметтерді қорғау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар банк картасын немесе шотын заңсыз қаржылық операцияларға пайдалануға берген дропперлердің заң алдында жауапкершілікке тартылатыны айтылды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
-«Әр азамат өзінің қаржылық қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Күмәнді ұсыныстарға сенбеу, жеке деректер мен банк шоттарының қауіпсіздігін сақтау – алаяқтықтың алдын алудың негізгі жолдарының бірі. Заң талаптарын сақтау арқылы ғана қауіпсіз әрі тәртіпті қоғам қалыптастыра аламыз», – деді қала әкімі.
Іс-шара аясында Департамент қызметкерлері мен волонтерлер пойыз вагондарында жолаушылармен тікелей ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қаржылық қауіпсіздік бойынша арнайы әзірленген ақпараттық брошюралар таратты. Сондай-ақ азаматтарға алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтау және одан қорғанудың практикалық жолдары түсіндірілді.