Түркістан қаласының жаңа қала аумағында Орталық және Рәміздер алаңы бой көтереді. Жаңа нысан ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын насихаттайтын қоғамдық кеңістік ретінде қалыптаспақ.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Рәміздер алаңының жобасымен танысып, нысанның жүзеге асырылу барысын бақылады. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жобасының сәулеттік тұжырымдамасы мен алдағы жұмыс жоспарларын талқылады.
Жоба аумағы – 4 гектар. Оның ішінде 12 мың шаршы метр көгалдандыруға, 32 мың шаршы метр қатты жабындарға қарастырылған. Нысанның сыйымдылығы – 20 мың адам болмақ. Келушілерге арналған 700 автотұрақ орны да есептелген.
Орталық алаңының сәулеттік шешімінде ұлттық нақыш пен заманауи элементтер үйлесім тапқан. Алаңның орталық бөлігінде биіктігі 75 метрлік мемлекеттік ту тұғыры қарастырылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған кең алаңдар, көгалдандырылған аумақтар, сәулеттік композициялар, музыкалық субұрқақтар, демалыс орындары мен абаттандыру элементтері бар.
Қала әкімі нысанның сәулеттік ерекшеліктерін сақтай отырып, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына және алаңдардың Түркістанның сәулеттік келбетіне үйлесімді болуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.