Түркістан облысында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз конференциясы өтті. Дәстүрлі жиын аясында инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, білім саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Конференция барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері қозғалды.
Іс-шара барысында бірқатар білім саласының үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.
Білім инфрақұрылымын жақсарту мақсатында өңірде 2024-2025 жылдары 29 жайлы мектеп іске қосылды. Облыстық бюджет есебінен 13 білім ордасы салынуда. 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орынға арналған қосымша 58 білім нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде.
Мемлекет басшысының Жасанды интеллектіні орта білімге енгізу тапсырмасы бойынша Түркістан облысында сапалы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен алдағы 3 жылға қаржы қаралды. Бұл шара өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамтып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын түбегейлі жоюға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Республика бойынша тіркелген 7 896 мектептің 1 106-сы Түркістан облысында орналасқан. Сонымен қатар өңірде 1 441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты табысты қызмет көрсетіп келеді.