Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 11-көшедегі тұрғындармен кездесіп, олардың күнделікті тұрмысына қатысты мәселелерін тыңдады.
Кездесуге тұрғындардың кейбір үйге ыстық судың берілмеуіне байланысты көтерген өтініші себеп болды. Қала әкімі мәселені орнында зерделеп, тұрғындармен сөйлесіп, қалыптасқан жағдай бойынша жауапты мамандардың түсіндіруін тыңдады.
Жаңа тұрғын үй кешендерінде пәтерлердің толық қоныстанбауына байланысты инженерлік жүйелерді іске қосу және пайдалану кезінде бірқатар ұйымдастыру мәселелері туындаған. Бұған дейін мердігер мекеме тарапынан қажетті жұмыстар жүргізілген.
Кездесуде көппәтерлі тұрғын үйді басқару мәселесі де түсіндірілді. Тұрғындар өз арасынан мүлік иелерінің бірлестігін немесе пәтер иелері кооперативін құрып, үйді басқаруға жауапты құрылымды айқындауы қажет. Бұл құрылым үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау, инженерлік жүйелердің жұмысына қатысты мәселелерді ұйымдастыру және тұрғындардың ортақ қажеттіліктерін үйлестірумен айналысады.
Қала әкімі жауапты сала мамандарына тұрғындармен бірлесіп, мәселені жан-жақты қарауды және қажетті жұмыстарды уақытылы жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ алдағы жылу беру маусымына дейін тұрғын үйдің инженерлік жүйелерінің дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.