ҚАЛА ӘКІМІ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚАЛА ӘКІМІ АҚСАҚАЛДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы облыстық Ақсақалдар алқасының атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, аға буын өкілдерінің әлеуметтік бастамаларына қолдау білдірді.
Кездесу барысында ақсақалдардың қоғамдағы бірлік пен берекені нығайтуға, қайырымдылықты дамытуға және әлеуметтік осал азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған игі істері таныстырылды.
Бүгінде ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен «Үлес» қайырымдылық қоры тұрақты жұмыс істеп келеді. Қор демеушілердің қолдауымен айына бірнеше рет аз қамтылған және асыраушысынан айырылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, мұнда әлеуметтік осал топтарға арналған арнайы киім дүкені жұмыс істейді. Демеушілердің қолдауымен ашылған дүкеннен мұқтаж азаматтар қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
Қайырымдылық бағытындағы жұмыстар жаңа оқу жылы қарсаңында да жалғасуда. Бүгінде 250-ден астам оқушыға мектеп формасы мен оқу құрал-жабдықтарын беру жоспарлануда. Ай соңына дейін бұл көрсеткішті 500 оқушыға жеткізу көзделіп отыр.
Әзімбек Пазылбекұлы ақсақалдардың елдік мәселелерге белсенді араласып, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асырып жүргенін атап өтіп, аға буын өкілдеріне алғысын білдірді.
Ақсақалдар да қала басшысына батасын беріп, Түркістанның дамуына бағытталған жұмыстарына сәттілік тіледі.