ТҮРКІСТАННАН БАЯНАУЫЛҒА ТАЙҚАЗАН МАКЕТІ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАННАН БАЯНАУЫЛҒА ТАЙҚАЗАН МАКЕТІ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ
Түркістан қаласынан Павлодар облысының Баянауыл ауданына қазақ халқының рухани мұрасын айшықтайтын қасиетті Тайқазанның макеті тарту етілді. Бұл бастама – өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі шаралардың жалғасы.
Тайқазан Баянауыл тұрғындары мен қонақтарына Түркістанның бай тарихи-мәдени мұрасын таныстырып, қос өңір арасындағы достық пен рухани байланысты одан әрі бекемдей түспек. Ел бірлігі мен өңіраралық ынтымақтастықтың белгісі болған тарту Баянауылдағы Мәдениет үйінің алдына орнатылды.
Макет Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған қасиетті Тайқазанның түпнұсқасымен бірдей өлшемде жасалған. Оның биіктігі – 158,3 сантиметр, ернеуінің диаметрі – 243,4 сантиметр. Тайқазанның салмағы 2 тоннаны, ал сыйымдылығы 3 мың литрді құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын қолдау мақсатында Павлодар облысының Баянауыл өңірінен Түркістан қаласына 50 түп қарағай көшеті жеткізіліп, Түркістан облысының табиғат жанашырлары оларды облыс орталығындағы «Заң мен тәртіп» саябағына отырғызған болатын.
Осындай тағылымды бастамалар өңірлер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық мұраларды насихаттауға, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және ел бірлігін нығайтуға қызмет етеді.