Түркістан қаласында қала құрылысы талаптарын сақтау, сәулеттік келбетті қалыптастыру және инвестициялық жобалардың сапасын арттыру мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы төрағалығымен қалалық қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.
Кеңесте қала аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық және құрылыс жобалары қаралды. Әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін қонақ үй кешені, дәмхана, автосалон, детейлинг орталығы, мейрамхана, сондай-ақ Отырар шағынауданының 160-кварталындағы бизнес орталығы, сауда және ойын-сауық орталығы, террассасы бар мейрамхана, май ауыстыру және техникалық қызмет көрсету орталығы, қонақ үй және бизнес орталығы секілді нысандардың жобалары кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды.
«Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков пен жоба авторлары нысандарын таныстырып, сәулеттік шешімдері, инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы және қала құрылысы талаптарына сәйкестігі жөнінде баяндады.
Мәжіліс барысында кеңес мүшелері әрбір жобаны егжей-тегжейлі қарап, олардың сәулеттік келбеті, функционалдық тиімділігі, қала дамуының бас жоспарына сәйкестігі және инвестициялық әлеуеті бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Нәтижесінде бірқатар жобалар бойынша тиісті шешімдер қабылданып, кейбіріне ескертулер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанда жүзеге асырылатын әрбір құрылыс нысаны қаланың бірегей сәулеттік келбетін сақтап, тұрғындар мен туристерге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
– Біз үшін әрбір инвестициялық жоба тек жаңа нысан салумен шектелмеуі керек. Оның сәулеттік сапасы, қаланың даму тұжырымдамасына сәйкестігі, инженерлік және көлік инфрақұрылымымен үйлесімділігі басты назарда болуы қажет. Түркістанның тарихи мәртебесіне сай келетін заманауи әрі сапалы жобалар кеңес мүшелерінің шешімімен қолдау табады, – деді қала әкімі.