Қала аумағындағы жасыл желектің жай-күйін сақтау мақсатында ағаштар мен көгалдарды тұрақты суару, тал түптерін әктеу, минералды тыңайтқыштар мен арнайы препараттар енгізу, сондай-ақ агротехникалық күтім шаралары белгіленген кестеге сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінде қалада 1 487 680 түп ағаш пен бұта, 9,1 гектар гүлзар және 345 гектар көгал тұрақты күтіммен қамтылған. Жалпы күтім жүргізілетін аумақ көлемі 303 нысанды, яғни 789 гектарды құрайды.
Бұл жұмыстарға күн сайын 26 арнайы су тасымалдаушы техника мен 687 жұмысшы жұмылдырылып, жасыл желекті суару және күтіп-баптау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Сонымен қатар, қаладағы 875 көшенің санитарлық тазалығы тұрақты бақылауда. Бекітілген кестеге сәйкес 30 көше күн сайын, 120 көше аптасына үш рет, ал 725 көше аптасына бір рет тазаланады.
Қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ай сайын көшелерден 1950–2200 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылып, арнайы полигонға жеткізіледі.
Қала тұрғындары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасады.