Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы қаралды.
Облыста қоғамдық орындарда тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бақылау жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 әкімшілік хаттама толтырылып, 135,4 млн теңге айыппұл салынған. Оның 87,9 млн теңгесі өндірілген. Ал Кодекстің 505-бабы бойынша 4 941 хаттама рәсімделіп, 31,5 млн теңге айыппұл салынып, 22 млн теңгесі өндірілген. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан 1323 өтініш келіп түскен.
Жиында бей-берекет қоқыс орындарын жою мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының бүгінгі күнге дейін 33-і толық тазартылмаған. Жауапты әкімдіктерге бұл кемшіліктерді толық жою міндеті жүктелді.
Маусым мен шілде айларында жүргізілген мониторинг барысында облыс аумағында 399 кемшілік анықталған. Оның 349-ы бей-берекет қоқыс орындары болса, 50-і саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болған. Берілген тапсырмалар нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер толықтай жойылғаны баяндалды.