ТҮРКІСТАНДА ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫ ТАЛАПТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫ БОЙЫНША АРНАЙЫ ЖИЫН ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫ ТАЛАПТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫ БОЙЫНША АРНАЙЫ ЖИЫН ӨТТІ
Түркістан қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына байланысты жиын өтті. Басқосуға Түркістан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова төрағалық етті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті талдау бөлімінің басшысы Дінмұхамед Иглікұлы, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Динара Әбілхасимова, Құрылыс бөлімінің маманы Бекбарыс Бақбергенұлы және Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің маманы Гүлназ Ермаханқызы қатысты.
Кездесуде еңбек шарттарының заңнама талаптарына сәйкес уақтылы рәсімделуі, міндетті зейнетақы жарналарының мерзімінде аударылуы және өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру талаптарының орындалуы талқыланды.
Жиын қорытындысында анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, еңбек қатынастарын заңнама талаптарына толық сәйкестендіру бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.