Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ескек есу арнасының бір бөлігінде жүзеге асырылып жатқан жаңа демалыс аймағының дайындық жұмыстарын аралап, көшпелі жиын өткізді. Нысанның инфрақұрылымы, қауіпсіздік талаптарының орындалуы және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар сараланды.
Жоба аясында арнаның шамамен 1 шақырым бөлігі заманауи демалыс орны ретінде абаттандырылуда. Мұнда аптап ыстықта тұрғындар үшін суға түсуге арналған аймақ, құтқару мұнарасы, пирс, киім ауыстыру бөлмелері, санитарлық тораптар, көлеңкелі шатырлар, шезлонгтар, балаларға арналған су сырғанақтары мен ойын алаңдары, жағажай волейболы және воркаут алаңдары, катамаран мен қайық қызметі, банджи-батут секілді ойын-сауық орындары және әкімшілік ғимараты қарастырылған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар арнайы оқытылып, кәсіби дайындықтан өткізілуде. Ал су сапасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және экология саласының мамандары тарапынан тұрақты зертханалық тексеруден өтуде. Сараптама қорытындылары талапқа сәйкес болған жағдайда тұрғындарға жақын күндері суға шомылуға рұқсат беріледі.
Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мекемелерге нысанды қысқа мерзімде толық дайындауды, санитарлық тазалықты, инженерлік жүйелердің тұрақты жұмысын және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жоба Түркістан тұрғындары мен қонақтары үшін жазғы маусымда қауіпсіз әрі жайлы демалуға мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістіктің біріне айналмақ.