«Қолөнершілер қалашығы» кешенінде әдеби-мәдени іс-шаралар шеруі аясында«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының «Кітап. Ой. Шабыт» атты әдеби-мәдени кеші өтті.
Іс-шара барысында кітап оқу мәдениетін дәріптеу мен оқырмандардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында бірнеше мазмұнды алаң жұмыс істеді.
«Кітапханашы оқиды» алаңында Отырар, Сауран, Түркістан қаласы және Кентау өңірлерінен келген кітапханашылар қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Төлен Әбдіктің «Қонақтар» повесі мен әлем әдебиетінің танымал қаламгері Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романын талқылап, шығармалардың идеялық мазмұны, кейіпкерлер әлемі және көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
«Саз өнерінің сырлы әлемі» алаңында «Атамұра» қыш-құмыра жасау үйірмесінің шеберлері келушілерге шеберлік сағатын өткізіп, қатысушылар саз-балшықтан құмыра жасап, ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысты.
«Балалықтың ғажайып әлемі» балалар алаңында бүлдіршіндер Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасын талқылап, шығарма желісі бойынша сурет салу сайысына қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдады.
Ал, «Кітап. Кофе. Поэзия» алаңында поэзия оқыған қатысушыларға тегін кофе ұсынылып, еркін форматтағы әдеби орта қалыптасты.
Әдеби кешке Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол Бақытжанұлы арнайы қатысып, кітапхана қызметкерлері әзірлеген кітап көрмесімен танысып, іс-шараның өту барысын тамашалады.