Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының орындалу барысын аралады. Көшпелі жиын барысында жауапты сала басшыларымен бірге жобалардың жүзеге асу қарқыны, құрылыс сапасы және өзекті мәселелер талқыланды.
Алдымен әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы зерделенді. Қазіргі таңда 5 қабатты 22 тұрғын үйдің 13-і толық аяқталып, пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 9 тұрғын үйді жаз айларында Отбасы банк арқылы тұрғындарға тапсыру жоспарланған. Жалпы аумағы 7,74 гектарды құрайтын тұрғын үй кешенінде 880 пәтер орналасқан. Сонымен қатар тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне қажетті ойын және спорт алаңдары, автотұрақтар мен әлеуметтік инфрақұрылым қарастырылған.
Сондай-ақ, аралау барысында қаланың болашақ келбетін айқындайтын жаңа жобалар да қаралды. Соның бірі – Рәміздер алаңы. Жаңа қала аумағында бой көтеретін нысан сәулеттік ерекшелігімен қатар, тұрғындар мен қонақтардың демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасады.
Қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы бірінші кезекте болуы тиіс екенін атап өтіп, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға барлық нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.