ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ТУРИСТІК КЕҢІСТІК ҚАЛЫПТАСАДЫ

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ТУРИСТІК КЕҢІСТІК ҚАЛЫПТАСАДЫ
Түркістан қаласында туристік инфрақұрылымды дамыту және қаланың сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сай жетілдіру бағытындағы – «KÖNE ARBAT» туристік кеңістігі жобасы жүзеге аспақ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Арбат алаңы аумағына әзірленген жобамен танысып, оның сәулеттік тұжырымдамасы мен инфрақұрылымдық шешімдерін қарады.
Жоба 0,98 гектар аумақты қамтиды. Жалпы ауданы 8307,4 шаршы метр болатын жаңа қоғамдық кеңістік туристер мен қала тұрғындарының жайлы демалысына жағдай жасап, кәсіпкерлікті дамытуға және мәдени туризмнің әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жоба аясында Арбат аумағы кеңейтіліп, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Мұнда коммерциялық нысандар мен террасалар салынып, автотұрақтар ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілерге арналған қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылады. Коммерциялық үй-жайлардың жалпы ауданы – 1090,94 шаршы метр, террасалар – 368 шаршы метр, автотұрақ – 4225 шаршы метр, ал абаттандырылатын аумақ көлемі 2283 шаршы метрді құрайды.
Жаңа туристік аймақта көрме және экспозициялық залдар, кофехана, реставрациялық шеберханалар, ашық қоғамдық алаң, көлеңкелі демалыс орындары мен мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған арнайы кеңістіктер қарастырылған. Бұл нысандар туристерге сапалы сервистік қызмет ұсынып қана қоймай, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба авторлары теміржол вокзалы аумағын жаңаша сәулеттік үлгіде қайта ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Жобаға сәйкес, бұл аумақ Түркістанға келген әрбір қонақты қарсы алатын заманауи әрі тартымды қоғамдық кеңістікке айналады. Мұнда субұрқақтар, аллеялар, күту алаңдары мен жасыл белдеулер орналастырылып, сәулеттік шешімдер арқылы тарихи мұра мен заманауи қалалық ортаның үйлесімі көрініс табады.