ТҮРКІСТАНДА «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫ» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫ» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы соттары төрағаларының II форумы аясында жаңа қоғамдық кеңістік – «Билер аллеясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы бастаған жоғары сот органдарының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия республикаларының Жоғарғы соттарының төрағалары қатысты.
Тарихи әділдік пен құқықтық мәдениеттің сабақтастығын дәріптейтін аллея Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес бой көтерді. Құрылыс жұмыстары биыл наурыз айында Жаңа қала аумағындағы облыстық сот ғимаратының маңында басталып, бүгінде толық аяқталып, тұрғындар игілігіне ұсынылды.
Жоба аясында жалпы аумағы 3600 шаршы метрді қамтитын заманауи демалыс кеңістігі қалыптастырылды. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы аяқжолдар салынып, мәрмәрдан жасалған 30 орындық пен 30 қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында екі ойын кешені, мәдени-тарихи мазмұндағы ақпараттық стенд, шахмат алаңшасы, 42 жарықшам және автоматтандырылған суару жүйесі орналастырылған.
Аллея аумағын көгалдандыру жұмыстары аясында 170 түп ағаш пен бұта отырғызылып, тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысына қолайлы жағдай жасалды.
Жаңа нысан Түркістанның сәулеттік келбетін толықтырып қана қоймай, ұлт тарихындағы билер институтының тағылымды мұрасын насихаттайтын, қоғамдық маңызы жоғары мәдени-танымдық кеңістік ретінде қызмет ететін болады.