Түркістанның «Тұран» футбол клубы Бірінші лиганың 10-туры аясында өз алаңында «Ақтөбе Жас» командасын қабылдап, жанкүйерлеріне тартысты әрі нәтижелі ойын сыйлады.
Кездесу барысында түркістандық футболшылар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Нәтижесінде «Тұран» командасы «Ақтөбе Жасты» 4:0 есебімен ірі жеңіліске ұшыратты.
Матч бойы алаң иелері ойын тізгінін өз қолында ұстап, шабуылдағы белсенді әрекеттері мен қорғаныстағы сенімді ойындарының арқасында басымдық танытты. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болған түркістандық ұжым кездесудің әр сәтінде жеңіске деген жігерін көрсетті.
Осы жеңістің нәтижесінде «Тұран» турнирлік кестедегі үшінші орнын нығайтып, көшбасшылар қатарындағы позициясын сақтап қалды. Команда алдағы турларда да жоғары нәтиже көрсетуге және жанкүйерлер сенімін ақтауға ниетті.
Айта кетейік, «Тұран» футбол клубы биылғы маусымда тұрақты ойын өрнегімен ерекшеленіп, Бірінші лиганың үздік командаларының бірі ретінде танылуда.