ТУРИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫН АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

ТУРИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫН АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан қаласының туристік аймақтарында қызмет көрсету сапасын арттыру және келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Мәдени-рухани орталық аумағында электрокар жүргізушілерімен арнайы жиын өткізілді.
Жиынға учаскелік және туристік полиция қызметкерлері, сондай-ақ Кірістер басқармасының мамандары қатысып, электрокар жүргізушілеріне қойылатын талаптар мен қызмет көрсету стандарттарын түсіндірді.
Кездесу барысында жүргізушілердің 18 жасқа толуы және тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы, гид-экскурсовод сертификатын иеленуі, белгіленген бірыңғай киім үлгісін сақтауы және туристерге қызмет көрсету мәдениетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар көлік ішінде музыкалық сүйемелдеу тәртібін сақтау қажеттігі ескертілді.
Бұдан бөлек, электрокарлардың қозғалыс бағытына өзгерістер енгізіліп, енді олар жаңа маршруттық сызбаға сәйкес «Қолөнершілер орталығы» аумағы арқылы да қатынайтын болады.
Түркістан қаласының туристік тартымдылығын арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатындағы мұндай түсіндіру және бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.