ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ VIII ХАЛЫҚ ОЙЫНДАРЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ VIII ХАЛЫҚ ОЙЫНДАРЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының ашылу салтанаты өтті. Ұлттық нақыш пен заманауи технология үйлескен мерекелік кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов қатысып, спортшылар мен бапкерлерді дүбірлі доданың ашылуымен құттықтады.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Халық ойындарының елдегі спорт қозғалысын дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Салтанатты іс-шарада барлық командалар су үстіндегі ерекше шерумен таныстырылды. Ашылу рәсімі театрландырылған қойылымдармен, этно-фольклорлық композициялармен және танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Халық ойындарына еліміздің барлық өңірлерінен келген командалар қатысуда. Спортшылар баскетбол 3х3, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисі, футзал, асық ату, қол күресі және гір спортынан бақ сынайды. 20 маусымға дейін жалғасатын жарыстардың қорытындысында үздік спортшылар мен командалар анықталады.