ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ
Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының төрағасы А.Мәдидің төрағалығымен көшпелі комиссия мәжілісі өтті.
Көшпелі мәжіліс барысында комиссия мүшелері қала аумағындағы бірқатар өзекті мәселелерді зерделеп, нысандардың жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, Отырар секторындағы көпқабатты тұрғын үйлерде тұрғындар тарапынан көтерілген жертөлелерге жауын суының жиналуы, шатырдан су ағу, пәтерлердің көгеруі және инженерлік жүйелерге қатысты мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, Бірлік–Сауран секторларында балалар ойын алаңшасының жағдайы, кәріз жүйесінің жұмысы, мектеп маңындағы инфрақұрылым мәселелері, спортзал ғимараты мен көшелерді абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары назарға алынды.
Бекзат секторында кәріз жүйесіне абоненттік қосылу, ауыз сумен қамту, асфальт жамылғысын қайта қалпына келтіру мәселелері қаралып, атауы жоқ саябақ пен Балтакөл тас жолы бойындағы аллеяның қазіргі ахуалы зерделенді.
Сондай-ақ, Шауғар секторында мердігер мекеме жүргізген кәріз жүйелерінен кейінгі көшелердің жағдайы қаралып, тиісті орындарға анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Көшпелі мәжіліс соңында комиссия мүшелері «Түркістан жарық-тазалық» мекемесіне қарасты қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысымен танысып, санитарлық талаптардың сақталуы мен нысанның жалпы жағдайына назар аударды.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер тұрақты комиссияның бақылауына алынып, жауапты бөлімдер мен мердігер мекемелерге оларды заңнама талаптарына сәйкес шешу және анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.