Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Ақжайық» музыка мектебінде қаланың ардагерлері және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында қала әкімі ақсақалдарға құрмет білдіріп, олардың Түркістанның өсіп-өркендеуіне, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нығаюына, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге қосып келе жатқан сүбелі үлестерін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар мен алдағы кезеңге жоспарланған бастамалар жөнінде жан-жақты баяндады.
Қала басшысы Түркістанды дамыту жолындағы жұмыстарда ел ағаларының ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесінің маңызы зор екенін жеткізді.
Жиын барысында ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қала өміріндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу өтті. Өз кезегінде қала әкімі көтерілген бастамалар мен орынды ұсыныстар алдағы жұмыстар барысында жан-жақты қаралып, тиісті деңгейде назарға алынатынын атап өтті.