ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ: ҚАЛАНЫҢ ӘРБІР КӨШЕСІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІГІ ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ӘРІ КӨРІКТІ БОЛУЫ ТИІС

ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ: ҚАЛАНЫҢ ӘРБІР КӨШЕСІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІГІ ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ӘРІ КӨРІКТІ БОЛУЫ ТИІС
Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру және жасыл желек қорын көбейтуге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Осыған орай, бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы бірқатар көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен шаһар басшысы қалаға кіреберіс аумақтардағы абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Бұдан кейін Б.Саттарханов даңғылы мен №9, №11, №13 және №32 көшелерін аралап, санитарлық тазалық, гүлзарлар мен ағаштарды күтіп-баптау, көгалдандыру жұмыстарының сапасын тексерді. Сонымен қатар, сынған және бүлінген инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Аумақтарды аралау барысында қала әкімі Билер аллеясындағы абаттандыру және қоршау жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңда аталған аумақта кешенді көркейту жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында 3600 шаршы метр аумаққа жаңа аяқжол төселіп, мәрмәрдан жасалған 30 орындық пен 30 қоқыс жәшігі орнатылады. Сондай-ақ, балаларға арналған екі ойын кешені, мәдени-тарихи стенд, шахмат алаңшасы, 42 жарықшам және автоматтандырылған суару жүйесі қарастырылған. Аумақты көгалдандыру мақсатында 170 түп ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.
Қала әкімі қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне, сондай-ақ шаһардың сәулеттік келбетін жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына барлық жұмысты сапалы орындап, белгіленген мерзімде аяқтауды және әрбір нысанды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.