Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде инженерлік инфрақұрылымның маңызы ерекше. Осы бағытта Түркістанда коммуналдық жүйелерді жаңғырту және олардың қолжетімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аймақтағы көшелердің инфрақұрылым жүйелерінің салдарынан орын алған кемшіліктер мен қайта қалпына келтіру бойынша арнайы жиын өтті.
Мәжілісте Отырар тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз етудің 2-кезегі, Яссы және Ыждыхат тұрғын үй массивтеріндегі абоненттік қосылымдар, сондай-ақ Отырар мөлтек ауданын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз етудің 3-кезеңі бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды. Нысандарда асфальт жабындысын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемелерге ескерту хаттар жолданып, тиісті бақылау шаралары қабылданған.
Сонымен қатар, Баянауыл аумағында 8 көшеде магистральдық және абоненттік желілердің қазба жұмыстары жүргізілген. Сауран секторында 24 көшеде қазба жұмыстары атқарылып, 8 көшеде тас төсеу жұмыстары орындалған. Бірлік секторында ұзындығы 12 шақырымды құрайтын 32 көшеде қазба жұмыстары жүргізіліп, тас төсеуді қажет ететін 8 көше анықталған. Қазба жұмыстары аяқталған аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Басқосуда Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар мердігер мекеме өкілдеріне инфрақұрылым желілерін жүргізу кезінде бүлінген көшелердің жай-күйі үшін қатаң ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Сондай-ақ, қала басшысы қаланың шаһардың көркі мен тұрғындардың көңіл-күйін құртатын жауапсыз мердігерлердің жұмысын заң аясында құзырлы мекемелермен бірлесе қарайтынын, әр жобаны қатаң бақылауында ұстайтынын жеткізді.