Түркістан облыстық ардагерлер ұйымдарының жұмыстарына мониторинг жүргізу және олардың алдағы даму жоспарын талқылауға арналған арнайы жиын өтті.
Жиынға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» жетекшілері қатысты.
Кездесуді Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков ашып, жиынның күн тәртібімен таныстырды.
Басқосу барысында ардагерлер ұйымдарының бүгінгі қызметіне мониторинг жүргізіліп, олардың жұмысын жетілдіру, қоғамдық белсенділігін арттыру және алдағы даму бағыттарын айқындау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында қатысушылар ардагерлер қозғалысын дамыту, олардың өмірлік тәжірибесін қоғам игілігіне тиімді пайдалану, сондай-ақ «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» арқылы жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ету бағытында өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу қорытындысында айтылған ұсыныстар мен бастамалар сараланып, алдағы уақытта ардагерлер ұйымдарының жұмысын жүйелі түрде жетілдіру, өзара ынтымақтастықты нығайту және қоғамдағы рөлін арттыру бойынша нақты міндеттер белгіленді.